Қуанышбай Маратов – Ақтаудағы №6 арнайы балабақшасының адаптивті дене шынықтыру (АДШ) маманы. Қуанышбай мырза “ерекше балаларға көмектессем” деген ниетінің арқасында осы салаға бет бұрған. Бүгінде маман арнайы балабақшаға келетін балалардың тірек-қимыл жұмысын нығайтатынжаттығулар үйретіп жүр.
— Адаптивті дене шынықтыру, яғни АДШ дегеніміз не? Бұл жаттығуды қанша жастан бастаған жөн?
– Адаптивті дене шынықтыру дегеніміз – ерекше білімді қажет ететін балаларды спорт арқылы қоғамға бейімдеу, оның тірек қимыл жұмысын нығайтып, дағдыға үйрету. Бұл жаттығу арқылы баланың дене және психикалық кедергілерді жеңу қабілеті қалыптасады. Дене шынықтыру баланың денесі өсу, даму және қалыптасу процесіне әсер етіп, дененің сыртқы жағдайларға оңтайлы бейімделуіне ықпал етеді. Бала АДШ-мен 2 жастан бастап айналысуы керек. Әрі қарай баланың бейімделуі мендамуына қарай жалғаса береді. АДШ-ның балаға зияны жоқ. Керісінше, ата-ана баланың жаттығу жасауын ертерек қолға алғаны жөн.


– Орталыққа кез келген бала қабылдана ма? Оларға арнайы бағдарлама жасайсыздар ма?
Жоқ, кез келген баланы қабылдай бермейміз. Келген баланы әуелі диагностикадан өткіземіз. Соның нәтижесі бойынша, баламен және оның ата-анасымен әңгімелесеміз, алдын ала бағдарлама жасалады. Бағдарламаны баланың диагнозы мен оның дене мүмкіндіктерін ескере отырып дайындаймыз. Сабақта баланың буындары, үлкен және кіші бұлшықеті, тыныс алу дағдысы дамиды, бұл балаға эмоциясы мен көңіл-күйін басқаруға жәрдемдеседі.
– АДШ-ның ерекше балаларға қандай пайдасы бар?
— АДШ жаттығуларын жасау баланың денесіне, сезімі мен әрекетіне мән беруіне, бұлшықет жадын дамытуға және нәтижені түзетуге көмектеседі. Бұл жаттығу баланың машығынқалыптастырады, өзін-өзі ұстауға, дені сау болуға, дұрыс тамақтануға, гигиеналық нормаларды сақтауға ұмтылуға үйретеді. Оған қоса, салауатты өмір салтын ұстануға, тірек-қимыл, тыныс алу және жүрек-тамыр жүйесін нығайтуға жәрдемдесіп, балаға өзіне ұнайтын спорт түрін таңдауды үйретеді. Бұл жаттығудың ерекше балаларға тигізер пайдасы мол. Тәжірибемнен айта кетейін. Орталыққа Әділет деген бала келетін. Алғашқы курсты алған кезде есіктен кіргеннен бастап, 40 минут бойы жылайтын. Бірінші курсты аяқтаған соң әрі анасы бізге сенгені арқасында курстан нәтиже шықты. Анасы бізге риза болып, Әділет бес ай бойы бізбен жаттықты. Қазір жағдайы жақсы.


– АДШ-дан нәтиже шығуы үшін қанша уақыт айналысуы керек?
— Негізі әр баланың нәтижесі әртүрлі болады. Жаттығудан соң нәтиже болғанын, баланың ата-анасы қуанғанын біз де көргіміз келеді. Біз барынша жұмыс істейміз, дегенмен орташа мерзімді айта алмаймыз. Жалпы АДШ маманына ең алдымен сабыр керек. Одан кейін баланы түсініп, сол балаға ата-ананың көзімен қарауы қажет. Ата-ана маманға сенгені де өте маңызды. Мамандармен тығыз жұмыс істеп, баласы туралы жиі сөйлесіп, кері байланыс жасап отырса, нәтиже шығады.
– Ата-ана үйінде баласымен бірге қандай жаттығу жасай алады?
– Негізі орталыққа келген ата-аналарға бір сабағымды толық видеоға түсіріп беремін. Оның ішінде базалық жаттығулармен қатар, үйдегі бар заттармен жасалатын ойындар да көрсетіледі. Базалық жаттығумен айналысу міндетті әрі өте маңызды. Оның бәрін видеоға түсіріп, түсіндіремін. Жалпы үйде бар заттармен баланы орындыққа шығаруотырғызып-тұрғызу жаттығулары балаға көмектеседі. Ұйқысы келіп, шаршаған бала бірден жаттығып, ойнап кетеді. Жаттығудан зерікпеу үшін ата-анасы баланың эмоциясын шығарып, баламен бала болып ойнауы қажет.