Ерекше балалар мен олардың ата-анасы туралы жазатын Molekula.kz сайтының «Керек кеңес» айдарының қонағы – ақтөбелік ерлі-зайыпты Руслан мен Сара Қазыбаевтар. Олар Ақтөбеде ерекше балаларға арналған «Дербес» орталығын ашқан. Орталықты ашуға баласы Әлібектің жағдайы себепболған. Қазір Әлібектің жасы 19-да.
– Руслан мырза, ерекше балалардың күтіміне қатысуға сізді не ынталандырды және бұл салаға қалай келдіңіз?
Руслан.Қ: — 2010 жылы бір банкте филиал директоры боп жұмыс істедім. Сол кезде баламды әйеліммен бірге Үрімшіге емдеуге апардым. Ол кезде жаңа технология қолданатын басқа жер болмады. Негізі екеуін апарып, сонда қалдырып, өзім кері қайтамын деп ойлағанмын. Қарасам, барған жерімізде ер адам жоқ, көбіне әйелдер жүр. Әйелдер баласын арқалап, қаншама қиындықты еңсеріп жатқанын көрдім. Басқа ел, басқа ұлт. «Бұл жерге әйелім мен баламды қалай тастап кетемін?!» деген ой болды. Сөйтіп, екеуінің жанында қалып, ерекше балаларға күтім жасау туралы оқып, іздене бастадым. Кейін Алматыда жеті жыл тұрдық. Сол кезде де біраз нәрсе түйіп, тәжірибе жинадым. Ақтөбеге келген кезде қай методика қолданылады, қандай мамандарға барған дұрыс, қандай ем нәтиже береді – бәрін зерттеп жүріп, осы салаға кірісіп кеттік. Аутизмді емдеу методикасы бойынша консультант болып істедім. Солай тәжірибе жидым. 2019-2020 жылы университетте нейропсихология мамандығы бойынша оқыдым. Ата-аналар ұсыныс жасаған соң «Дербес» деген орталық аштық. Байқағаным, бұл салада ер адамдар саусақпен санарлық. Жалпы баланың емімен отбасы болып айналысу керек. Баланы тәрбиелеуде әке мен ананың рөлі бірдей маңызды.


— Сара ханым, ерекше баланың ата-анасы ретінде қандай қиындыққа тап болдыңыздар? Шешімі қандай болды?
Сара.Қ: — Баламыз 2005 жылы дүниеге келді. Дәрігерлерге апарғанда баламыз сөйлемейтін. Мұғалімдер мен дәрігерлерге апарсақ, олар «балаңыз сау» деп шығарып салады. Әлібек туғанда сүйкімді, томпиған бала болды. Бір жері ауырады деп ойламайсың. Сосын бір күні жолдасыммен ашық сөйлестім. «Руслан, мына баланың жағдайы онша емес, бала сөйлеуден бұрын, «тоқта», «қара» дегенді түсінбейді. Ауытқуы бар, бірақ неден екенін өзім де білмеймін» дедім. Шынымен, баламыз көшеде жолға шығып кетеді, саябақта топырақ, шөп, тас демей бәрін басып тастайтын. «Тоқта» дегенді түсінбейтін, тек жүгіре беретін.
Сол кезде Руслан Мәскеуден, Санкт-Петербургтен шыққан психиатрия саласы бойынша кітаптарды арады. Баланың бойында ауытқуы бар екенін біліп тұрмыз. Тек нақты неден екенін білмейміз. Сол 2017 жылы іздене бастадық. Баламыз биыл 20-ға толады. Әлі де білетініміз аз, үйренетініміз көп. Баламның жағдайы жақсы, шүкір. Дегенмен болашақта мамандығы қандай болады, ортаға қалай бейімделеді – осы жағынан дамытуға тиіс тұстар көп.
– Балада жақсы нәтиже шығуы үшін отбасыда не маңызды, қандай факторлар әсер етеді?
Сара Қ.– Мына нәрсені айтқым келеді. Баладан жақсы нәтиже шығуы үшін ата-анасының жағдайы дұрыс болуы керек. Осы уақытқа дейін ата-енемнен, қайын апаларымнан, күйеуімнен қысым көрмедім. Отбасыда кез келген мәселеде екіжақты қолдау мен келісім маңызды. Өткенде орталыққа бір ана келді. Оған үйде баласымен шұғылдануы керек екенін айтып жатсам, маған «Сенсеңіз, балаға қарауға шамам жоқ. «Күйеуім тастап кете ме?!» деген қорқынышпен өмір сүріп келемін. Жұмыстан келеді де үндемей отырады, ішінде не барын білмеймін» деді. Мұндай жағдайда баладан жақсы нәтиже көргісі келу, оның халін өзгертеміндеу қиын. Керісінше зиян тигізуі мүмкін. Сол үшін де ерлі-зайыпты ашық сөйлесуі керек. Баланың дүниеге келуіне екі адамның үлесі бар, Сол үшін екіжақты жұмыс істеп, бір-бірін қолдаған жөн.
– Орталықта ерекше балаларға қажет амандарды қалай таңдайсыздар және бір орталыққа барлық маманды жинау қаншалық қиын болды?
Сара Қ. – Қазір маман табу қиын. Маманды жұмысқа аларда әуелі педагогикалық біліміне қараймыз. Екіншіден, баламен қарым-қатынасы, балаға деген мейірімі мен , адамгершілік қасиеттеріне баса назар аударамыз. Еліміздегі ЖОО-да АВ терапиясы маманын, АДШ маманын оқытпайды. Біз оларды педагог білімі бар адамдардан даярлап шығамыз. Кез келген маманға кәсіпті үйрете аламыз ғой, ал адамгершілікті үйрете алмайсың. Сол үшін мінез-құлқына мән береміз. Мамандар бір апта және екі ай сынақ кезеңінен өтеді. Жұмыс қиын, бұған кез келген адам шыдай алмайды. Сондықтан осындай ұзақ уақыт сынақтан өткіземіз. Сол уақыт ішінде баланы жұлқыласа, жұмысқа шыдамаса, маманды бірден шығарып саламыз.


– Орталық қандай диагнозы бар адамдарды қабылдайды?
Сара Қ.– Аутизм, РАС, мінез-құлқында психикалық ауытқуы бар, тілі кеш шыққан, ойлау қабілетінде бұзылысы бар, зейіні тұрақталмаған балаларды, оның ішінде мектеп оқушыларын да қабылдаймыз.
– Ерекше балаларды қоғамға бейімдеу үшін не істеу қажет
Ата-аналарға айтар кеңесіңіз.
Сара Қ.– Баламен көп қарым-қатынас жасау керек. Әке-шешесі баланы үйде қамап ұстамағаны дұрыс. Айналадан ұялмауы керек. Балаға орта керек. Бала сонда ғана үйренеді. Қоғамға бейімделу ортаға үйренуден басталады. Қоғам ерекше балаларды қабылдауы керек. Қоғамдық көлікте, аулада көргенде әңгімелесіп,бір тақырыпты талқылап сөйлесуі керек. Ал егер көмектесе алмасаң, үндемеген дұрыс. Ерекше балаларды спорт үйірмелеріне апарған жөн. Бала спорт арқылы сыртқы ортаға бейімделеді.