Аутизм — ауру емес. Шетелге барып, табан тоздырудың қажеті жоқ. Емнің бәрі елімізде бар. Тек диагноз анықталғаннан бастап дұрыс емдесе, нәтиже болады. Диагноз кеш қойылғанның өзінде баланы қоғамға бейімдеуге мүмкіндік бар. Яғни, басқа адамдармен араласуға, өз-өзіне қызмет көрсетуге үйретуге болады.
Баламды 34 жасымда дүниеге әкелдім. Жүкті кезімде медициналық тексерістен өткенде дәрігерлер баланың диагнозы туралы мүлдем ештеңе айтпады. УЗИ-ге де түстім, «дамуы жақсы» деген еді. Баламды дүниеге әкелгеннен кейін үш күннен соң үйге шығатын болдым. Сол кезде бас дәрігер шақырып, «балаңызға Даун синдромы диагнозы қойылды» деді. Өзіңнің басыңнан өтпегесін білмейді екенсің.