Бала тілінің кеш шығуына не себеп? Логопед-дефектологпен сұхбат

«Керек кеңес» айдарының кезекті қонағы — ерекше баланың анасы, логопед-дефектолог Алуаш Молдабекова. Ол бұл салада 2014 жылдан бері жұмыс істеп, 1000-нан аса баланың сөйлеуін жақсартуға үлес қосқан. Логопед-дефектолог Алуаш Молдабековамен бала тілінің кеш шығуының белгілері, оған әсер ететін факторлар мен ерекше қызы туралы сұхбаттастық.


— Алуаш ханым, бұл салаға қызығушылығыңыз қалай басталды?

— Негізі екі мамандықты меңгергенмін. Алғашқы мамандығым медицина саласында болса, екіншісі осы дефектология. Медициналық білімім болып, жұмыс істеп жүрсем де дефектология саласына ерекше жүрегім тартып тұрды. Сөйтіп, педагогикалық университетке түсіп, диплом алып, әрі қарай осы салаға келдім. Дефектология 8 тармақтан тұрады. Соның ішінде логопедияға қызықтым. Өйткені кішкентай кезімнен-ақ осы салаға жақын болыппын.  Есімім Алуаш болғаннан кейін көп адамдар атымды қате айтатын. Кішкентай кезімде бірге ойнап жүрген құрбымның сіңлісі “л” дыбысына тілі келмей, “Ауаш” дейтін. «Атымды дұрыс айтуы керек» деген қалауымның арқасында оқушы болсам да, құрбымның сіңлісіне “л” дыбысын айтуды үйреттім. Көптеген ата-ана баланың дыбыстарды дұрыс айтпауын еркелікке балап, мән бермей, уақыт жоғалтып жатады. Алайда дер кезінде қолға алса, түзелуі мүмкін.

 

— Бала тілінің кеш шығуын, мұның қалыпты емес екенін қалай байқауға болады?

— Бір жастағы бала 10 сөз айта алуы керек. Қазіргі кезде балаларда ыммен түсіндіру, көзбен байланыс жасау, саусақпен көрсету жоқ. Мұның әсері өте көп. Әсіресе, гаджеттер мен теледидардың әсері деп айтар едім. Үйдегі теледидардың өшпей тұруы баланың дамуын кәдімгідей тежейді, қатарластарынан қалып қояды. Жалпы бала дүниеге келгеніне бір ай толғанынан бастап түрлі тексерістен өткізген жөн. Мұның бәрі сол баланың дамуын қадағалау үшін керек. Бұрын 3 жасқа дейін баланың тілі өзі шығуы керек десек, қазір 3 жастан кейін баланың қарқынды дамуы кеш боп есептеледі. 4-6 жас аралығында қарқынды даму болғанымен, 6 жастан бастап бала ақырын дамиды. Яғни, баланың қатарластары сияқты сөзді байланыстырып сөйлеу тілі жоқ, түсініксіз және өзін-өзі бағалауы төмен болады.

 

— Қазір осы диагнозбен бетпе-бет келген ата-ана әуелі өзін кінәлай бастайды. Жалпы бұл неден болады, себебі неде?

— Қазір екінің біріне психикалық дамуының тежелуі диагнозы  қойылып жатады. Бала 3 жасқа дейін сөйлемесе, оған “сөйлеу тілінің кешеуілдеуі” деген диагноз, 3 жастан кейін “психикалық дамуының тежелуі” диагнозын қояды. Себебі баланың сөйлеу тілі – психикалық дамудың ең жоғары сатысы. Бұрын да бала тілінің кеш шығуы кездесті.  Бірақ сол уақытта балалар құмда, таста қимыл- қозғалыс жасап, табиғат аясында жүргеннен кейін қатарластарын тез қуып жететін Себебі бала ойнау арқылы жетіледі. Қазір далада ойнап жүрген бала көрмейсіз. Бәрі телефон, компьютер, теледидардың алдында отыр. Қимыл-қозғалыс болмағаннан кейін даму болмайды.

 

— Айша  деген ерекше қызыңыз бар. Балаңызда кешеуілдеу бар екенін қандай белгіге қарап анықтадыңыз?

— Айша қазір 4,5 жаста. Ең бірінші атын айтқанда көзге қарамайтын. Шындап келгенде, өзім осы салада жүрген соң оның бұл әрекетіне бірден мән бердім. Босанғаннан кейінгі күйзелістің салдарынан бірнеше қиындықпен бетпе-бет келдім. Психикалық күйімнің әсерінен қызыммен тығыз эмоционалдық байланыс орната алмадым. Соның әсерінен қызымда кешеуілдеу болды. Ал көзге қарамауын теледидармен байланыстырамын. Әрі жүкті кезімдегі психикалық күйім, вирустық аурулармен ауырғаным, бәрі бір-біріне әсер етті. Қызым туғанынан  көп жылайтын, ұйқысы нашар болды. Қазір қызым үшін психологияны оқып жатырмын. Ананың психологиялық күйі бала дамуының кешеуілдеуіне тікелей әсер етеді.

— Балаңыздың дамуы кешеуілдеп жатқанын байқаған соң әрі қарай қалай әрекет еттіңіз?

— Ұйқысы дұрыс емес кезде қайта-қайта невропатологке баратынмын. Әртүрлі курстарға қатысып, мамандармен сұхбат жасап, көп іздендім. Невропатолог берген дәрілерге қызымда  аллергия пайда болды. Сондықтан өзім іздене бастадым. Қызым 1,5 жасқа келгенде нейропсихолог, балалар психологының курсын сатып алдым. Соған дейін нейропсихологияның маңызын түсінбеппін. Осылайша 6-7 айынан бастап үйде қызыммен қызық ойындар ойнай бастадым.

 

Балаңыздың дамуы кешеуілдегенін білгенде қандай күй кештіңіз?

— «Неге мен, неге менің қызымда бұзылыстар болып жатыр» деген сұрақты бастапқыда іштей өз-өзіме жиі қоятынмын. Одан кейін психологиялық білім алу арқылы кінәлау сезімінен арылдым. «Неге?» деген сұрақ адамды батпаққа батыратын сезім, бұл сезім ешкімді жақсылыққа апармайды. Өз-өзін кінәлайтын аналарға психологпен жұмыс істеуді ұсынар едім. Себебі маған осы тәсіл көмектесті.

 

— Айша қандай қыз, мінезі қандай?

— Айша маған көп нәрсені, соның ішінде жауапкершілік алуды үйретті. Шынымды айтсам, оған дейін бала позициясында болдым. Ата-әжесі, әкесі «сен мамаңа тамақ ішкізбедің, мамаңды ұйықтатпадың» дегенде, соған мәз болып жүре бергенмін. Кейін «мені ұйықтатпай жатқан бұл қыз емес, оның ұйқысына жауаптымын» дегенді түсіндім. Себебі Айша ата-әжесінің жанында жақсы ұйықтайды. Сосын өзіме «не себепті Айша менің қасымда ұйықтамайды» деп ойландым. Көрдіңіз бе, сонда ішкі мазасыздығым қызымды ұйықтатпай тұр ғой. Қызым – қайтпас қайсар, өмірге құштар. Кейін қызымды дүниеге әкелгеннен кейін не себепті мұндай күйге түсіп кеттім деп ойлансам, 9 айдай  «осы қыздан айырылып қаламын» деген қорқынышпен жүріппін. Бұл балаға әсер ететінін психология, дене терапиясы бағытын оқыған кезде түсіндім. Яғни, ана қорықса, бала да «бұл әлем қорқынышты, мен өмірге қалай келемін» деген қорқынышты меңгереді екен. Осыны түсініп, қорқынышыммен жұмыс істеген соң қызым өзгере бастады. Қазір Айша балабақшаға барып жүр. Әзірге қатарластарымен толыққанды жақсы ойнайды деп айта алмаймын. Бірақ өзінен кішкентайлармен жақсы ойнайды.

 

— Ерекше балаларды қоғамның қабылдауы үшін басқаларға қарым-қатынас      жасауды қалай үйретуге болады?

— Қоғамда ерекше баласы бар әйел-ананы ата-енесі, күйеуі кінәлап жатады. Тіпті «сенің тұқымыңда бар шығар» деп айтуы да мүмкін. Бізде қарым-қатынас сауатының болмауы  салдарынан шынымен ерекше баланы, анасын кездестіргенде не істерін білмей жатады. Көшеде , қоғамдық орында ерекше баламен бетпе-бет келсеңіз, оларға көмектесуді ойласаңыз, үндемей өтіп кетуді ұсынар едім. Бұл жерде балаға да, анасына да ақыл айтудың қажеті  жоқ. Себебі дәл сол сәтте анасында түрлі сезім болып жатады. Мұны әрбіріміз ескерсек екен.

 

— Сұхбатыңызға рахмет!