Ерекше қажеттілігі бар адамдардың саяхаттауына қандай жағдай жасалуы керек? Ғалыммен сұхбат

Molekula.kz жобасының «Керек кеңес» айдарының алғашқы қонағы — жас ғалым Аяжан Бимурат. Ол  «Қазақстанда кедергісіз туризм стратегиялары» тақырыбында диплом жұмысын жазып, қазір Анталиядағы Ақтеңіз университетінде осы тақырыбын зерттеуді жалғастырып жатыр. Аяжанмен ерекше қажеттілігі бар адамдарға туризм саласында қандай жағдай жасалуы керек, еліміздегі жағдай мен шетелдік тәжірибенің айырмашылықтары туралы сұхбаттастық.


Фото: Molekula.kz
Маратова Дана және Аяжан Бимурат

Аяжан, әуелі өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Ерекше жандардың қажеттілігін ескеретін туризм тақырыбын таңдауыңызға не әсер етті?

— 18 жасыма дейін Шымкент қаласының жанындағы Жаңаталап ауылында жалпы орта мектепті бітірдім. Бұл тақырыпқа қызығушылығым оқушы кезімде басталды. Себебі бізде ерекше бала жоқ еді. Жалпы орта  мектепте барлығымыз бірдей білім алатынбыз. Мұғалімдер түске дейін біздің сыныпқа сабақ өтсе, түстен кейін ерекше оқушының үйіне барып, жеке сабақ өтетін.  Соны естігеннен кейін «неге олар бізбен бірге үйренбейді, неге олар үйден оқиды» деп ойлана бастадым. Кейін мектеп бітірген соң Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстім. 3-курс оқып жүргенде курстық жұмысыма тақырып ретінде кедергісіз туризм тақырыбын алуды ұсынды. Ғылыми жетекшім өзі де осы тақырыпта зерттеу жасап жүрген соң маған бағыт-бағдар беріп, осы тақырып қазіргі таңда маңызды екенін айтты. Ішімде оқушы кезімнен қалып кеткен түрлі ойлар бар. Сол үшін де бірден осы тақырыпта іздену, оқу қызық бола түсіп, курстық жұмысымның тақырыбы ретінде таңдадым. «Біз секілді олар да саяхаттауға, демалуға құқылы» деген ойдың жетегімен бірден кірісіп кеттім.

— Оқушы кезіңізде ауылда тұрдым дедіңіз. Сіз тұратын өңірде ерекше жағдайды қажет ететін адамдарға қандай жағдай жасалған еді?

-Әрине, өте төмен деңгейде болды. Отбасындағы адамдар оларға көмектеседі, мемлекет тарапынан белгілі бір жеңілдіктер қарастырылады. Бірақ олардың қажеттіліктері олардың қажеттіліктері жоғары деңгейде орындалды, өтелді деп айта алмаймын. Тіпті, арнайы жәрдемақының өзі төмен деңгейде беріліп отырды. Берілетін сома олардың қажеттіліктерінің төрттен бірін ғана өтейтін шығар деп ойлаймын. Ауылымда ерекше қажеттілігі бар адамдармен бетпе-бет келмесем де, айналамнан олардың жағдайы туралы жиі еститінмін. Мұғалімдер ерекше қажеттілігі бар баланың оқуға талпынатынын қоғамға жай бейімделетінін айтатын.

— Ғылыми зерттеу жұмысыңызда нақты қай саланың мәселесін шешкіңіз келді?

— Алғашқы диплом жұмысымның аясында Алматыдағы ерекше жағдайды қажет ететін адамдардың туризмдегі кедергілері туралы зерттей бастадым. Білесіз бе, олардың ең алғашқы кедергісі – қоғамда адамдардың қарым-қатынасы. Себебі ерекше адамды көргенде қалай сөйлесу керек, қандай реакция жасау керек екенін білмейміз. Бұл туралы мектепте, университетте де оқытпайды, жеке курста айтылмайды, бұл жағынан сауатымыз ашылмаған. Жұртшылық ерекше адамды көрген кезде басқаша сезіммен, аяушылықпен, қорқып-үркіп қарауы, шеттетуі мүмкін. Бұл да  оларға кедергі. Осындай жағдай өз басымнан да өтті. Зерттеу жүргізу кезінде ерекше адаммен әңгімелесуге барғанда  «ол менің айтқым келген нәрсені дұрыс түсінбей қалса ше» деген қорқыныш болды. Мұның бәрі біздегі қажет білімнің болмауынан деп ойлаймын.

Фото: Molekula.kz

— Демек, елімізде туризм саласында ерекше қажеттілігі бар адамдарды тұтынушы ретінде қарастыру әлсіз боп отыр. Қазақстанда неліктен туризм саласында оларға жағдай жасалмаған?

-Дәл солай деп айта алмаймын. Бірақ арнайы ерекше қажеттілігі бар жандарға арнайы турпакет жасалмайды. Мәселен, елімізде ерекше қажеттілігі бар адамдарды І,ІІ, ІІІ топ бойынша қарастырады. І топ болса, 80-100 пайызға дейін көмек көрсетілуі мүмкін. Ал ІІ,ІІІ топтарда 50 пайыздық жеңілдіктер қарастырылған. Ұшақ билеттерінде де жеңілдік бола бермейді. Тек белгіленген жағдайда ғана билетке кезекке бірінші өткізеді.  Алайда қарым-қатынас дұрыс жасалмайды. Аймақтарда жол, инфраструктура мәселесі — басты мәселе деп айтар едім. Ерекше адамдарды таситын арнайы көліктер жоқ, ерекше адамдармен жұмыс істей білетін мамандар жетіспейді. Алысқа бармай-ақ, Алматыдағы Медеуге барғысы келген арбадағы адамға арнайы такси керек делік. Қазақстанда 2008 жылдан бастап инватакси қызметі қосылды, ал Алматыда 2009 жылы енгізілді. Бірақ саны аз. Жұмыс істеу деңгейі де өте төмен. Біз олармен хабарласып көрдік. Олардың айтуынша, арнайы такси қызметін қолдану үшін алдын ала жазып, өтініш беру керек екен. Себебі көлік саны аз болған соң толып қалуы мүмкін. Сонда ерекше қажеттілігі бар адам бүгін Медеуге барғысы келсе, көлік жоқ, оны апарып-әкелетін арнайы адам да қарастырылмаған. Бұдан бөлек есту қабілеті төмен жандарға да қызмет көрсететін сурдоаудармашы не көлік жүргізушісінің арнайы осы саладан білімі болуы қажет. Бұл тұстары да ескерілмеген. Ал жекеменшік көліктердің жолақысы жоғары. Көптеген отбасының мұндай төлем жасау қалтасы көтермейді.

Мәдение орындарда да бұл мәселе жолға қойылмаған. Алматы бойынша тек тарихи музейде ғана көру қабілеті төмен жандарға ұстап-сезіп оқу мүмкіндігі қарастырылған. Бірақ оны арнайы көрсететін кісі жоқ. Соның бәрін жіктеп, көрсетіп, зерттеу жүргізіп, ұсыныстарымызды құзырлы органдарға айттық. Олар «қарастырамыз» деп қана жауап берді. Сондықтан бұл зерттеу әрі қарай жалғастыруды қажет етті. Қазір Түркияда туриз факультетінің туризм менеджмент мамандығына түсіп, магистрлік диссертациямды осы тақырыпта жалғастырып, зерттеп жатырмын. Түркиядағы ұстаздарыммен бұл тақырыпты талқылап, қай жағынан зерттейміз деп ақылдастық. Жалпылама емес, өзім оқып жатқан Анталия қаласы мен Қазақстанның бір қаласын алып, салыстырмалы анализ жүргіземіз.

Фото: Molekula.kz
Маратова Дана және Аяжан Бимурат

Білуімізше, Түркияда оқып жатқаныңызға екі жыл болды. Ол жақта бұл мәселе қалай шешілген?

— Мұнда ерекше адамдарды жиі кездестіремін. Алғашқы жылы Түркияның қалаларын аралауға, мәдениетімен танысуға уақыт бөлдім.  Бірде Анталиядағы кітапханаға бардым. Әжетханасында арнайы ерекше қажеттілігі бар адамдарға жағдай жасалған, пандустар қарастырылған, іші ашық әр таза екенін байқадым. Тіпті ойын-сауық орындарында да жағдай жасалғанын көрдім. Автобустарда көлік жүргізушілері ерекше қажеттілігі бар жандарды мінгізіп-түсіруге көмектеседі. Кейбір аялдамаларда арнайы пандустар бар. Сол жерге келіп  тоқтайды. Сондай-ақ, теңіз жағасындағы қала болған соң арнайы ерекше жандарға арналған жағажай салынған. Дегенмен, жергілікті тұрғындардың қарым-қатынасы керемет деп айтпас едім. Жұртшылық көбіне көмектесуге тырысады. Алайда толық қабылдайды деп айту қиын.

Елімізде де осындай алғашқы қадамдар жасалғанын қалаймын. Себебі қоғамда ешкім сырт қалмауы тиіс. Сол үшін де зерттеу жұмысымды шетелдік тәжірибемен ұштастыра отырып жалғастырдым. Түркияда алған білімім мен тәжірибені Қазақстанда қолданғым келеді.

-Аяжан, әңгімеңізге рахмет! Алдағы уақытта зерттеу жұмысыңыздың нәтижесі туралы хабардар ете жүрсеңіз қуанар едік.